Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том. Тәттігүл Картаева
Читать онлайн книгу.материалы о Туркестанском крае» [225] атты еңбегі жарық көрді, онда Сыр өңіріндегі дәстүрлі шаруашылықтың дамуы, көшпелілер мен отырықшылардың арасалмағы, этнодемографиялық мәліметтер, сауда ісінің дамуы қамтылған. А.И.Макшеевтің «Степные походы» [234], «Показание сибирских казаков Милюшина и Батырышкина бывших в плену у кокандцев с 1841 по 1851 года» [231], «Географическоие сведения «Книги большого чертежа» о Киргизских степях и Туркестанском крае» [227] атты еңбектері де Сыр өңірін қамтыған. Осы автордың «Путешествие по киргизскому степям и Туркестанскому краю» [232] атты еңбектері Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясын саралауға керекті материалдар беретін деректің бірі.
Бас штабтың генерал-лейтенанты Лев Лаврентьевич Мейердің 1858 жылы Орынбор әскери корпусына қызметке жіберілуі Қазақ даласын зерттеуге деген қызығушылығын арттыра түседі. 1867 жылы Әскери министрліктің Қазақ даласының сипаттамасын жасау комиссиясының төрағасы қызметін атқарған. 1860 жылы мамыр-қазан айларында Жаңадария, Сырдария өзендерінің аңғарын, Арал теңізінің шығыс жақ бетін зерттеу мақсатында осы өңірді аралап, зерттеу нәтижелері ретінде жазылған «Дельта реки СырДарьи и ее отношение к России» [250], «Аральская флотилия в отношении к среднеазиатской торговле» [247], «Обзор западной оконечности Каратауских гор и несколько слов о взятии кокандской крепости Яны-Курган» [249] атты мақалалары «Морской сборник», «Военный сборник» басылымындарында жарияланған. 1861 жазда Жаңақорған бекінісінің рекогносцировкасын жасау Л.Мейердің үлесіне тиген [249, 263]. Топографиялық деректер 1840 жылдарға дейін Қуаңдарияның да Аралға құйғанын дәлелдейді. Л.Мейердің пайымдауынша Қуаңдария арнасының кебуіне Қоқан Хиуа хандарының арасындағы өзара қырқысулары, Қоқандықтардың Хиуа билігі орнаған Сырдың төменгі ағысы өңіріне су жібермес үшін Батпақөткел тұсынан бөгет салғандығы әсер еткен [249, 270]. Л.Мейердің басшылығымен жасалған «Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба» атты еңбекке енген әскерилердің Орынбор өлкесі туралы жазбалары Сыр өңірі қазақтарының этнографиясын саралауға негіз болар маңызды еңбектердің бірі [248]. Аталмыш еңбекте 1860 жылдардағы Сыр бойы қазақтарының дәстүрлі мал шаруашылығының сипаты, егін шаруашылығының дамуы, қосалқы шаруашылықтар, ру-тайпалық құрамы, саны және орналасуы, әдет-ғұрыптары мен күнделікті тұрмыс-тіршілігі қамтылған, олардың жаздық көші-қон бағытын, тайпалық ұрандарын көрсеткен.
Ресей ғылым Академиясының бірінші корреспондент мүшесі П.И.Рычков (1712-1777) Орынбор өлкесінің тұрғындары мен сол өлкені мекендеген қазақ халқының этногеографиясы мен тіршілігін жан-жақты зерттеуден өткізіп, қағаз бетіне түсірген ғалымдардың бірі. Ол Орынбор өлкесінде түрлі әкімшілік қызмет атқара жүріп жазған құнды ғылыми еңбектерінің бірі «Топография Оренбургская» кітабында Орынбор өлкесін мекен еткен халықтарға қатысты тарихи-этнографиялық сипаттамалар бере отырып, Орта жүз бен Кіші жүз руларын