Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару. Өтеғали Шеденов
Читать онлайн книгу.«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында «әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, үдерістер мен факторлардан қорғалуының жай-күйі» деп көрсетілсе, 2012 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда «экономикалық қауіпсіздік – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі» делінеді. Яғни, қазіргі Қазақстанның ұлттық экономикасының тәуелділігін болдырмау басты мәселе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетімізге инвестиция тарту маңызды болды. Бұл мәселе шешілгеннен кейін ендігі кезекте оның жемқорлық салдарымен күресу келесі орынға шықты, яғни әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мәселесі арта түсті. Ал 2007-2014 жылдардағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс, Қазақстандық өнеркәсіп салаларындағы өндіруші мен өңдеуші сала арасындағы диспропорция, аймақтардың әлеуметтік экономикалық дамуының диспропорциясы, халық кірісіндегі дифференциясының күшеюі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікке одан әрі баса назар аудару керектігін көрсетті. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үнемі күрделене түсуде, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің қауіп қатерлерінің орнына келесі одан да қиынырақ және күрделірек жағдайдың болуын байқауға болады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл ел егемендігінің кепілі, қоғамның тұрақты және тиімді өмір сүруінің жағдайы, жетістікке жету жолы. Экономика қоғам, мемлекет және тұлға қызметінің маңызды жақтарының бірін сипаттайды, яғни ұлттық қауіпсіздік түсінігі экономиканың өміршеңдігі мен оның мүмкін болатын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге төзімділігіне бағалау жүргізілмей еш мағына бермейді. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттың маңызды басымдылықтарының бірі болып табылады. Әрине, экономикалық қауіпсіздік органикалық түрде мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне енеді, сонымен қатар мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне сенімді ел қорғанысын қамтамасыз ету, қоғамның әлеуметтік жағдайын қолдау, экологиялық апаттардан қорғау жатады.
Экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздік дәстүрлі түрде экономикалық жүйенің маңызды сапалы сипаттамасы ретінде қарастырылады, ол өз кезегінде халықтың қалыпты өмір сүру жағдайын қолдау мүмкіндігін, халық шаруашылығының дамуын ресурстармен тұрақты қамтамасыз етуді, сондай-ақ осылардан туындайтын ұлттық-мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыруды анықтайды.
Осылайша, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – ұлттық экономиканың егемендігін, оның қалыпты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін жағдайлар мен факторлардың жиынтығы, оның үнемі жаңару және