Өмір – сынақ. Анар Мешимбаева
Читать онлайн книгу.үрейді үдете береді екен.
2010-жылы бізді еуропалық достарым іздеп келді. Театрға бардық. Ұзақ уақыттан бері ел алдына шығуым сол болды. Бәрі жақсы өтті. Қызым бірінші рет опера көрді. Мен үшін бірнеше сағат еркіндік болды. Екінші күні тарихи орындарды араладық. Үшінші күні костелға (поляктың католик храмы) барып, классикалық музыка тыңдап қайттық. Жаңа жыл қарсаңы еді. Рождество. Дінімізге қарамастан бізге де сыйлық бұйырды.
Менің телефонымды Қазақстанда бір ғана жақын досым білді. Оған нөмірді бір ғана мақсатпен бердім – мені естеріне түсіріп, іздесе, қандай да бір шара қолдануым керек боп жатса, хабарлас деп. Біздің көшіп келгенімізден соң екі жылдан кейін, 2011-жылы ол маған қонақүйдің телефонынан хабарласты. Мен барлаушы сияқты бірден: «Қандай телефоннан хабарласып тұрсың?» – дедім.
– Қонақүйден.
– Қандай қонақүйден?
– Елшіліктегі…
Мен бірден тұтқаны қоя салдым. Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіндегі қонақүйден хабарласу – Астанадағы Үкімет үйінен хабарласқанмен пара пар.
Ол сырттан қайта хабарласты. Жаңалық жоқ. Кездескім келмеді. Оның ізін аңдыған тыңшылар бар болар деп қорықтым.
2012-жылдың жазында ол тағы да Мәскеуден өтіп бара жатып хабарласты. Кездесейік деп қоймады. Кездесуіміз детективке айналды. Кешкі 20.30-да саябақтардың біріндегі үлкен монумент жанында жолықпақ болдық. Монумент барлық жағынан бірдей көрінгенмен, шын мәнінде әртүрлі боп шықты. Бір-бірімізді іздеп жарты сағаттай жүрдік… Бір-бірімізді тапқанда, күн батып бара жатты… Оның жарты сағаты ғана қалды. Отыз минутта не сөйлесуге болады? Ол біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды сұрады. Елде не жаңалық, не өзгеріс деп мен сұрадым.
Қазақстаннан тағы бірнеше достарым хабарласуға тырысты. Бірақ, мен өзімді де, оларды да орға итермелегім келмеді.
2010-жылдың маусымы. Интернетті аштым. Соттың үкімі – Біржанға бес жыл. Санақ бойынша орынбасарым – Нұрланға алты жыл кесіпті. Алғашқы ойым – дереу Астанаға ұшу. Бәрін реттейміз, анықтаймыз деп еді ғой…
Достарым: «Сен барғанмен түк шешілмейді», – деді. Барсам, солармен бірге бірден отырғызады. Қал деп көндірді.
Тағы да күту. Орынбасарларымды кінәсіз отырғызғандар – менің кінәсіз екеніме сенетіндей аңғалдық.
«Әмірлік»
2012-жылдың сәуірі. Интернетте мен туралы жаңалық. Не деген бассыздық – мені Араб Әмірліктерінен тауыпты!
Араб Әмірліктерінде өмірімде бір рет қана болдым, онда да транзитпен өтіп бара жатып. 2005-жылы.
Неге дәл Араб Әмірліктері? Елдің бәрі Араб Әмірліктерін әдемі, сәнді өмір деп қабылдайтын шығар?
Қазақстанда жемқорлықпен күрес жарияланған. Барлық телеарналардан тұтқындаулар көрсетіліп жатыр.
Егер мемлекет мақсатты түрде бір шараны өткізіп жатса, параллельді түрде бүкіл БАҚ соны насихаттайды. Бұл – барлық елдің тәжірибесінде бар жағдай.
Біздің жағдайда – алдымен ақпарат таратты. Сосын соған сай жағдай тудырды.