Қанатты сөз – қазына. 1-кітап. Кеңес Оразбекұлы
Читать онлайн книгу.ерлердің бәрі садақ тартады. Бірақ ешбірінің садағы сағымға тоқтай алмайды. Сонда Дүбінің шешесі: «Менің мерген балам тау ішінде аң аулап жүр. Соны шақырып әкеліңдер, сағымға соның садағы тоқтар», – дейді. Белгіге жүзігін береді. Елдің атақты билері барып Дүбіні шақырады. Алғашында ол келгісі келмесе де, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көріп, бармақшы болады. «Мен жанды нәрсеге мініп бара алмаймын. Маған күйме керек», – деп Дүбі шарт қояды. Үлкен күйме жасалып, атын «Қаңқа», «Қаңқалы» деп атайды. «Қаңқа – арба» Алтай елінің тілінде де айтылады. Арба жасаған кісі қаңқалы аталады. Бара-бара «қаңқалы» сөзі өзгеріп, «қаңлы» сөзіне айналады. Мәнісі – «арбалы» деген сөз. Арба істеген шебер жол-жөнекей мертігіп, ақсаңдап келе жатқанда, Дүбі оны аяп, арбасына мінгізеді.
Бүгінге дейін қаңлы елінің аузындағы: «Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар», «Хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер», «Арбаға ханмен бірге мінгенбіз» деген мәтелдер содан қалған. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар».
Ел арасында айтылатын «Қаңлы жоқ жерде хан сайланбас» немесе «Қаңлысыз хан (көтермес) сайланбас» деген мәтелдер де ескіден келе жатқан жоғарыдағы аңызды қуаттай түсетіндей.
«Арбаға ханмен бірге мінгенбіз». Бұл – арбаны алғаш жасаған, хан құрметіне бөленген, ханға жақын жұртпыз деген ойларды аңғартады.
АРСАЛАҢ, БЕРІ ОТЫР ДЕСЕ,
АРЫ ЖЫҒЫЛЫПТЫ
Бұрынғы заманда Арсалаң деген бір қыңыр кісі өмір сүріпті. Жұрт не айтса соның бәрін керісінше істепті. Біреу: «Қой, өйтпе!» десе, одан сайын өршелене түседі екен. Өзі соншама қайратты болғанымен, аңғалдау екен.
Осындай кері кеткен дүлейден әбден ығыры шыққан халық одан қалай құтылудың жолын іздестіреді. Содан бір күні келісіп, жардың басына ас беретін болады. Оған Арсалаң да барады. Арсалаңға: «Жардың жағасына отырма», – дейді. Ол барады да жардың жағасына отырады. Жайғасып болған кезде біреуі: «Арсалаң, бері отыр!» – дейді. Арсалаң ары отырамын деп қозғалған кезде, жардан құлап кетіпті. Содан ел ішінде қырсық, кесір адамдарды әжуалап айтатын: «Арсалаң, бері отыр десе, ары жығылыпты», – деген сөз қалған екен.
АРСЫЗДАН АЙУАН АРТЫҚ
Адам арсыздықты бұзылған оймен істейді. Ал айуанның ондай арсыздыққа санасы жетпейді. Сонда да оның ақылға бергісіз іс-әрекеттері арсыз адамның қылығынан артық деген ойды аңғартады.
Шұлғау деген байдың Содыр деген сотанақ баласы болыпты. Ол еш нәрсе істемей, атына мініп, ауыл ауылды қыдырумен жүреді екен. Бір күні Содыр көрші ауылға бара жатса, жолда кездескен кәрі-жастың бәрі де оған сәлем береді. Ол ешкімге көз қырын да салмай, өз бетімен жүре береді. Жолда есек мінген бір шал Содырға қарап қойып, үндемей өте береді. Содыр атының басын бұрып алып:
– Әй, қақбас, неге сәлем бермейсің? – деп тесіле қарайды. Сонда шал тұрып:
– Балам, кіші тұрғанда, үлкен сәлем беруші ме еді? – дейді.
Содыр шалға жақындап келіп, қамшымен тартып жіберуге оқтала бергенде, шал қамшысын шап беріп ұстай алады. Енді екеуі жерге түсе қалып, алыса бастайды. Бос қалған