Қанатты сөз – қазына. 2-кітап. Кеңес Оразбекұлы
Читать онлайн книгу.алысты» деп асау, бас білдірмеген, бойға үйрет-ілмеген аттарға айтылады. «Ауыздығын қарш-қарш шайнап, ауыздығымен алысып тұр» дейміз кейде». (Ж. Бабалықұлы, 24. 273-274-б.).
Аласұрып, жанын жеді, жұлқынды деген мағынада.
АУЫЗДЫҚТАУ
«Ауыздық – жүгеннің ат аузы ішінде тұратын бөлігі. Ауыздық екі бөлшек саусақтай жұмыр темірден жасалып, бір-біріне шығыршықты, үзбелі, қозғалмалы етіп түйістіріледі. Екеуі біріккенде бір сүйемдей болады. Ауыздықтың екі басы екі сулыққа бекітілген. Мұның бәрі де қозғалмалы бөлшектер. Ер-тоқым, айыл-тұрман жабдықтары ішінде ең керекті бөлігі жүген болса, ал жүгеннің барлық абырой, атағы ауыздыққа байланысты. Асау, тарпаңды ырқына көндіру ауыздықтау арқылы көндіру, тәртіпке шақыру мақсатымен адамға қатысты да айтылады». (Ж. Бабалықұлы, 24.275-б.).
АУРУҒА ЕМ, САУҒА ҚУАТ, ДӘРІ – ҚЫМЫЗ
«Жамбыл атамыз: „ауруға ем, сауға қуат, дәрі – қымыз“ – дегендей, сары қымыз дертке шипа, денеге күш. Қымыз ерекше дәмді, құнарлы, адамның жан сарайын ашып, зауқын келтіретін хош иісті және өте сіңімді сусын. Оның бұлай болу себебі, жылқы жануардың өзіне ғана тән асыл қасиетінен болса керек». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.71-б.).
Қымыздың ерекше қасиеттерін сипаттап, түйіндеп берген осы сөз тіркесінде қандай үлкен мән жатқанын әлі түсінбей келеміз.
АУЫЛДЫҢ АЛТЫ АУЗЫ
«Сойылған малды асаба алдымен қонақтар отырған үйдің босағасына әкеліп бата тілейді. Қонақтар бата жасаған соң мал сойылып, ет асылады. Ет піскенше меймандарға кең дастарқан жайылып, дастарқанға құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сары май қойылып, қаймақтаған шай құйылады. Шайдан соң жаздыгүні болса қымыз, қыстыгүні болса езген құрт беріледі. Осы мезгілде әдетте үй иесі жағынан домбыра шертіліп, күй тартылып, ән айтылады. Бұл „ауылдың алты ауыз“ деп аталады. Одан соң кезек меймандарға келеді. Меймандардың ән шырқап, қисса-дастан, яки ертегі айтуы керек. Егер айта алмаса, түрлі әзіл-қалжыңдар істеледі». (М. Қани, 55..385-б.)
Ән-күй тарту, өнер көрсету кезегі меймандарға берілгенде, оны «қонақкәде» деп атайды.
АУЫЛ ИТІНІҢ ҚҰЙРЫҒЫ ҚАЙҚЫ
«Қазақ ұғымында: „Ит жеті ырыстың біреуі“, „Итті тепкен – ырысты тебеді“, „Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал“, яғни тамақтандыр, т.б. айтылады. Итті бұлай қадірлеу мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі елде қажет-ақ. Өйткені, ит – адамның үйде де, түзде де сенімді серігі. Сондықтан „итті иесімен қинасын“ деген. Ал „Ауыл итінің құйрығы қайқы“ деген мақал әр ит өз ауылында күшті деген және басқа да астарлы ұғымды білдірген». (С. Мұқанов, 77.).
Бүгінде бұл мәтел көбіне кейбір адамдардың ерекше мінез-қасиеттерін сипаттағанда айтылады.
АЯЗ ӘЛІҢДІ БІЛ,
ҚҰМЫРСҚА ЖОЛЫҢДЫ БІЛ
(Екінші нұсқасы) *
«Аяз би өзінің зеректігі, тапқырлығы, ақылдылығы арқасында уәзір болады. Халық аузында Майқы бидің қасынан орын алған екі бидің біреуі (екіншісі – Құмырсқа)