Қанатты сөз – қазына. 2-кітап. Кеңес Оразбекұлы

Читать онлайн книгу.

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - Кеңес Оразбекұлы


Скачать книгу
«бата» сөзінің араб тіліне де, ислам дініне де қатысы жоқ. Кейбір зерттеушілеріміз бұл сөзді Құранның «фатиха» атты бірінші сүресінің қазақшаланған түрі дейді. Бұлай деудің мағыналық тұрғыдан да, дыбыстық өзгеру заңдылығы тұрғысынан да қисыны келмейді. Байырғы араб тілінде «фатиха» – «кітап ашар», «сөз басы», «Құранның негізі» деген мағына береді. Ал қазақ тіліндегі «бата» сөзінің мағынасы мүлде бөлек.

      Батаны әдетте қарт адам, үлкен орындағы адам, жолы үлкен адам береді. Мұның өзі бата берудің ислам дініндегі рәсім-қалыбынан гөрі, көшпелілердің Тәңірілік наным-сеніммен туындаған дәстүріне жуықтау. Аруаққа сыйыну, аруақтың назасына ұшырамау, сол үшін тілек айту, ол тілекті сол аруақты орындағы адамның айтуы көшпелілердің байырғы кісілік қалыбының дәстүрі екені айқын. Мұның дәлелін өзгеден емес, сол «бата» сөзінің тіліміздегі қолданысынан байқауға болады: бата, батагөй, батагөйлік, батадай, баталас, баталастыру, баталасу, баталы, батасыз, баташыл, теріс бата т. б. Міне осы ұғымдарды «фатиха» сөзімен шендестіріп қолданудың қисыны жоқ. Мәселен, «фатихалас» («баталас»), «фатихаласу» («баталасу»), «фатихадай» («батадай») деген тіркес-ұғым ислам қалыбына мүлде жат…

      Демек, байырғы салт-дәстүрімізді, кісілік қалыптарымызды қит етсе болды ислам дінінің қанжығасына бөктере салу, түптен келгенде, өзімізді өзіміз жабайы етіп, тексіз, дәстүрсіз етіп көрсетудің бір түрі болып шығады. Тәңірілік наным-сенім өзге діндерге қарағанда өмір-дегі моральдық-этикалық дегдарлығымен, әлеуметтік-экологиялық өмірмен үндес демократиялық сипатымен ерекшелінеді. Біздің халықтың рухани болмысы ғасырлар бойы осындай үрдіс негізінде тәрбиеленген». (А. Сейдімбек, 94. 87-88-б.)

      Бата сөздің ислам дініне дейін де халық дәстүрінде болғанын фольклоршы ғалым С. Нагимовтың келтірген мына дерегі де растай түседі: «Бата сөз тек қазақ жұртында ғана емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманда дәстүрге, салтқа айналған. Бурят елі мұны «юролы», ал алтайлықтарда «алқышы» немесе «алқыш сос», монғолша «еролы» деп аталады…

      Монғол халқының салт, жорасында, атап айтсақ, киіз басу, жүн өңдеу, аңға шығу, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, некелесу, отау тігіп, шаңырақ көтеру, жаңа құрылған киіз үйді жабдықтау – бата сөзсіз өтпейді екен…

      «Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы:

      Асқар таудай алып бол,

      Атпақ күндей жарық бол, —

      деген жолдар да жақсы лебізге, ізгі сезімге толы». «Ақ бата», «Жазушы», 1992ж., 7б.

      Жоғарыда аталған халықтардың бәрі қазақтармен көнеден келе жатқан қоныстас, көршілес елдер. Соған қарамай олардың діндері исламға жуықтамайды: буряттар мен монғолдар – будда, лама дінінде, алтайлықтар – христиан. Ал, «Монғолдың құпия шежіресі» – ислам дінінің «иісі мұрнына бармаған» Шыңғысхан, шаманизм заманындағы кітап.

      Ал, бата, тілек – бәрінде ортақ. Ендеше, бата, тілектің негізі қайда жатыр?

      БАТЫР БІР ОҚТЫҚ, БАЙ БІР ЖҰТТЫҚ

      «Қой шаруашылығында, жалпы мал шаруашылығында


Скачать книгу