Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар). Амангелді Әліпбаев
Читать онлайн книгу.жатыр. Сол себепті де француз-герман қайшылығын аша түсу үшін, Версаль бітім шартының мазмұнына жан-жақты тоқтала кеткен жөн. Бұл келісім шарттың мазмұнынымен жан-жақты танысқан жағдайда, француз сыртқы саясаты мұнда өзінің “рейндік стратегиялық қорғаныс шеп” тұжырымының негізгі саяси ғана емес, сонымен бірге әскери де, экономикалық түйіндерін де кіргізген.
Версаль бітім шартының қаулысы бойынша, Франция ендігі жерде өзінің заң жүзінде жете алмаған мақсаттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Яғни, Франция мемлекеті үш негізгі тетікке ие болды: Германия өзінің басқыншылығы нәтижесінде қасіретке әкелген елдерге, оның ішінде Францияға төлемақы төлеуге міндетті болды; Германия уақытында және толық көлемде төлемақыны төлеуі үшін Франция Рейннің сол жақ жағалауындағы аумақты одақтастардың әскерімен біріге отырып кепілдік ретінде уақытша басып алу құқына ие болды; Саар көмір шахтасы Францияның меншігіне өтті және Саар аймағы Ұлттар Лигасының қарауына уақытша бөлінді.
Франция үшін мөлшері әлі Версаль бітім шартымен толық белгіленбеген төлемақы төлеу мен Рейннің сол жақ жағалауын басып алу жүйесіндегі байланыс өте маңызды еді. Рейннің сол жақ жағалауы, тіпті жалпы Рейн өзенінің өзі Францияның көкей тұсындағы арманы еді. Мұнда да сол таусылмас қозғаушы күш – саяси кеңістікті кеңейту, яғни жағрапиялық фактор итермелеуде. Рейн өзені тек жағрапиялық тұрғыдан ғана кеңеюмен шектеліп қалмайды, сонымен бірге бұл өзеннің стратегиялық маңызы оған иелік еткен мемлекет үшін өте құнды да, сол ретте өте қолайлы сәт туғанда, француз өкіметі оны қалайда қолынан жіберіп алғысы келмеді.
1919 жылғы 25 сәуірдегі министрлер кеңесінің мәжілісінде белгіленген уақыт ішінде одақтастардың әскерінің басып алынған аймақтардан кету мәселесіне байланысты француз үкіметінің басшысы Ж.Клемансо “Германия жағынан төлемақы төленбеген жағдайда, бұл аймақтарды біздің қайта басып алуға немесе ұзартуға құқымыз болады. Менің пайымдауымша, Германия борышқа батып төлемақыны төлей алмайды да, біз басып алған аймақтарымызда қала отырып, Ұлыбритания және АҚШ аралығындағы одақтастығымызды сақтап қаламыз”, – деп мәлімдеген болатын [18, с.21]. Мұның өзі сол баяғыдан келе жатқан француздардың шығыс шекарасын кеңейту дәмесі еді, екінші жағынан германдықтарды ыңғайы келген сәтте тағы бір табалап өту сияқты. Шындығында, француз үкіметі басшысының бұл жердегі сөзінің жаны бар. Өйткені құжат бойынша басып алынған аймақты одақтастардың босатуы, егер төлемақы төлеу жағынан ешқандай кінә болмаған жағдайда, үш кезеңге бөлінген болатын: бірінші кезектегі аймақты (Кёльн және Ахен ауданы) 1925 жылы, яғни Версаль бітім шарты күшіне енгеннен кейін 5 жылдан соң, босатады; екінші аймақты (Кобленц ауданы) 1930 жылы, яғни 10 жылдан соң, босатады; үшінші аймақты (Майнцтен француз және Люксембург шекарасына дейін) 1935 жылы, яғни 15 жылдан соң босатылады. Ал Германия жағынан Рейннің сол жақ жағалауы және 50 километрлік оң жақ өңірі тұрақты түрде демилитаризациялануға