Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.кезде Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке ұмтылған Орда Ежен, Тұқай-Темір ұрпақтары Әбілқайырға қарсы күресін тоқтатқан емес еді. Ал осы кезеңде дала тайпаларының басшылары бірте-бірте жеке билігін күшейте бастаған Әбілқайырдан іргелерін бірте-бірте ажыратып, басқа Жошы ұрпақтарына қолдау жасай бастайды. Жалпы, қорыта айтқанда, XIV ғасырда «шаруашылықтың жаңғыруы, феодалдық қатынастардың нығаюы жағдайында жергілікті түркі және түркіленіп кеткен феодалдық үстем таптың жағдайы күшейе түсті. Халық бұқарасының моңғолдар тәртібіне наразылығын пайдалана отырып, Жошы мен Шағатай ұлысында түркі шонжарлары Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуда өздерінің саяси биліктерін орнату жолында күрес жүргізді». Әбілқайыр хан Ақ Орданың оңтүстік өңірі, Қаратау маңын басып алғанға дейін мұнда Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар иелік еткен еді. Нақ осы өңірлерде XV ғасырдың 20-жылдары Барақ ханның билігі күшейген еді. Сондықтан аталған сұлтандар өздерін қолдаған ру-тайпалармен бірге бұл аймаққа XV ғасырдың 40-жылдарына дейін Әбілқайырды жібере қойған жоқ. Сондықтан да болар Әбілқайыр хан 1431-1446 жылдары аралығында өз мемлекетінің ішкі мәселелерімен айналысады. Әсіресе өзін қолдаған ру-тайпа көсемдерінің талаптарына ден қояды. Ал Керей мен Жәнібек сұлтандар өзге Жошы ұрпақтарына көмек көрсету арқылы Әбілқайырға қарсы күресін тоқтатпайды. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, Ахмет және Махмұд хандарды талқандағаннан кейін Әбілқайыр Керей мен Жәнібек сұлтандардың одақтастарына үлкен соққы беру арқылы өз жағдайын біраз күшейтіп алған еді. Сондықтан әлі де болса Дешті Қыпшақтың берді тайпаларының көпшілігі Әбілқайырды қолдау саясатын жалғастыра береді.
Сөйтіп, 1446 жылдан бастап Сығанақ қаласы Әбілқайыр ханның астанасына айналады. Әбілқайыр бұл аймақты жаулап алғаннан кейін, көрші мемлекеттердің ішкі саяси жағдайын өз пайдасына шешіп қалуға ұмтылып, олардың істеріне қол сұға бастайды. Солардың бірі Мәуереннахрдағы Әмір Темір ұрпақтары мемлекеті еді. Осы кезеңде Әмір Темір мемлекетінде оның ұрпақтары арасында тынымсыз күрес жүріп жатқан еді. Әмір Темірдің ұрпағы Абу Са’ид мырза Самарқанды қоршайды. Бірақ көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақта қашып, Әбілқайыр ханнан қолдау табады. Осылайша, Бахтияр сұлтанның басшылығымен Әбілқайыр хан әскері Самарқандқа аттанады. Көп ұзамай Әбілқайыр әскерінің көмегімен Самарқанд тағына Абу Са’ид мырза отырып, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиға Сұлтан-бегімді Әбілқайырға әйелдікке береді.
Әбілқайыр Әмір Темір және оның ұрпақтарының мемлекетінде болып жатқан саяси күреске араласуын тоқтатпайды. Арада көп уақыт өтпей, Әмір Темірдің тағы бір ұрпағы Әбд әл-Латиф мырзаның ұлы Мұхаммед Жөкі Әбілқайырдан Абу Са’ид мырзаға қарсы көмек сұрап келеді. Әбілқайыр хан Жәдігер (Иадкар) ханның ұлы Бүрге сұлтанды шақырып алып: «Мырза Мұхаммед Жөкі бізден көмек сұрайды, менің ұлдарым мен жақын інілерімде бұл істі басқарағандай кісі жоқ. Сен де менің ұлымсың, өз әскеріңмен аттан, мен де әскер қосайын», – дейді. Осылайша, Бүрге сұлтан 30 мың әскерді алып Мәуереннахрға аттанады.