Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.екінші ұлы Темірмәлік таққа ие болады. Ол Сауран түбінде Тоқтамысты кезекті бір жеңіліске ұшыратқанымен, Темірдің көмегіне сүйенген Тоқтамыс ақыры 1378 жылы Орыс ханның ұлын жеңіп, Сығанақты басып алады. Сығанақта ол 1378, 1380 жылдары ақша шығарады.
Әмір Темірдің тікелей көмегімен Ақ Ордадағы билікті қолына алған Тоқтамыс Жошы ұлысының шығыс және батыс бөліктерін біріктіру саясатын ұстанады. Тоқтамыс өзін Сығанақта Ақ Орданың ханы деп жариялайды да, 1380 жылы Жошы ұлысының батыс бөлігін тез бағындырады. Сөйтіп, Тоқтамыс ханның Алтын Ордадағы 15 жылдық билігі басталады. Тарихта Тоқтамыстың Алтын Ордадағы билік құрған жылдарын «уақытша күшею» жылдары деп атайды. 1395 жылы Тоқтамыс хан Әмір Темірден күйрей жеңіліс тауып, Сарайдан қашып Сібір жаққа кетеді.
1395 жылы Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы күресіне Орыс ханның ұлдарының бірі Қойыршақ та қатынасады. Алтын Орда ханын жеңіліске ұшыратқаннан кейін Қойыршақ Мәуереннахр билеушісінің қолдауымен Ақ Орданы иеленеді. Ешбір жазба дерек Қойыршақтың Ақ Ордада қай жылдары, қанша жыл билік құрғаны, қандай саясат жүргізгені жөнінде ешқандай мәлімет бермейді. Әбдіразақ Самарқанди 1412-1413 жылы Хорезмге байланысты болған оқиғаларды баяндау барысында Едіге бимен бірге Шыңғыс оғланның есімін атайды да, 1416-1417 жылы Тоқтамыстың ұлы Жаппарберді сұлтанның Шыңғыс оғланды жеңіп, Өзбек ұлысын иеленгенін жазады. Осы мәліметке қарағанда Қойыршақтан кейін Едігенің қолдауымен Орыс хан ұрпақтарының бірі Шыңғыс оғлан Ақ Ордада отырған болуы мүмкін. Ал осы оқиғалардан кейін Ақ Орданың тарихында алғаш рет Қойыршақтың ұлы Барақтың есімі кездесе бастайды.
Ортағасырлық авторлар Барақты батыр, жігерлі тұлға ретінде сипаттайды. Ол XV ғасырдың 10-жылдарының аяғында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы ішкі өзара күрестерге белсене араласып, көзге түседі. 1418/1419 жылы Барақ хан Алтын Орда тағы үшін Ұлық Мұхаммед ханмен күресіп, одан жеңіледі де, Ұлықбектің қолдауына сүйенуге мәжбүр болады. Әбдіразақ Самарқанди Барақ оғланның Самарқандқа келген мезгілін 1419 жылдың мамыры деп көрсетеді. 1422-1423 жылы Барақтың Алтын Орда тағын иеленгенін деректер хабарлайды. Бірақ та Сарайда ұзақ билік құра алмай Барақ хан 14251426 жылы Сыр бойына оралады. Сыр бойындағы қалалар бұл кезде темірлік әулетке бағынышты еді. Ұлықбек пен Барақ хан арасында Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар үшін күрес басталады. Келесі жылы екі жақ арасында үлкен шайқас болып, әскерінің көптігіне қарамастан Мәуереннахр билеушісі жеңіліс табады. Барақ хан да Сыр бойында ұзақ билік жүргізе алмады. 1428 жылы ол тақ үшін таласқан қарсыластарының қолынан қаза табады.
Осылайша, Барақ ханның қаза табуымен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Орда Ежен әулетінің билігі саяси биліктен бірнеше ондаған жылдарға шеттетіледі. Тек қана Керей мен Жәнібек хандардың жүргізген күресі жеңіспен аяқталып, олардың XV ғасырдың 70-жылдарының басында жаңа сападағы мемлекет – Қазақ хандығын құруымен Ордаежендік әулет билікке қайта оралады.
Бақылау сұрақтары:
1. Орда Ежен ұрпақтары мен Шағатай ұрпақтарының