Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.мен қыздар арасынан 716 сөгіс алды. Бұл жағдай әрбір жергілікті комсомол комитеттері бюроларының мәжілістерінде жүзеге асты. Көптеген жоғары оқу орындарының студенттері оқудан қуылды. Алматыдағы бір ғана Абай атындағы ҚазҰПУ-дан айналдырған 5-10 күннің ішінде 22 студент оқудан шығарылды9.
Желтоқсан көтерілісіне студенттер мен бірге жұмысшы жастардың да қалың қолы қатысты. Жұмысшы жастардың басым бөлігі «Алматы тұрғын үй құрылысы» тресінің «Құрылыс-монтаж» басқармасында», «Алматы ауыр машина жасау» зауытында, «Алматы мақта-мата» комбинатында, «Поршень» зауытында, «Тұрмыстық химия» зауытында, Гагарин атындағы тігін фабрикасында істейтіндер еді. Осы зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін жігіттер мен қыздар да аз қорлық көрген жоқ. Кейбірі абақтыға жабылып, 5-6 жылға бас бостандығынан айырылып жатса, кейбірі қудалауға ұшырап, желтоқсан қозғалысы кезінде соққыға жығылды10.
1986 ж. Желтоқсан көтерілісі тек Алматыда ғана емес, аймақтарда да арпалыс туғызды. Бұл кезде митингілер мен шерулер Жезқазғанда, Қарағандыда, Талдықорғанда, Арқалықта, Көкшетауда, Өскеменде, Сарыөзекте, Семейде, Талғарда, Шымкентте және т.б. қалаларда өтті. Мысалы, Жезқазғанда 19 желтоқсанда педагогикалық және политехникалық институттардың 500ге тарта студенттері Ленин көшесінің бойына шықты. Олардың қолдарында орталықтың әділетсіз ұлт саясатына наразылық білдірген ұрандар болды. Бейбіт шеруге шыққандарға шабуыл жасалынып, күшпен қуылды. Халық көп жиналатын дүкендер мен кинотеатрлардың қабырғаларына бір түнде майлы бояумен наразылық ұрандарын жазып шыққан жас кенші Мұратбек Шекербаев екі жарым жылға сотталып, түрме азабын тартты11.
КОКП ОК-нің Қазақстан басшыларын өзгерту жөніндегі алғашқы қадамы Қарағандыдан басталды. ЖОО арасында байланыс орнап, сол күнгі кешкі сағат 20.00-де Гагарин атындағы алаңға студент қазақ жастары жиналды. Жиналғандар нақты сұрақ қойып, басшылар оған жауап таба алмай, дал болған соң Ішкі істер органы қызметкерлерінің көмегіне сүйену арқылы шешті. Қарағандыда 19-20 желтоқсан күнгі оқиғаға қатысушылардың бәрі де тиісінше жазаланды. Милицияның қолына түсіп, тізімге іліккендердің жазасыз қалғандары болмады. Қарағандыдағы оқиғаға қатысқандардың ішінде ресми тізімге 269 адам ілікті. Мұның 206-сы – студент жастар. Солардың ішінде университеттерден 12, политехникалық институттан 6, медициналық институттан 28, педагогика институтынан 53, кооператив институтынан 3 студент оқудан шығарылды. Мәдени-ағарту училищесінің 9, индустриалды-педагогикалық техникумның 2 оқушысы да оқудан қуылды. ЖОО-дағы 59 адамға қатаң сөгіс берілді12.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің жаңғырығы Өскемен қаласында да етек алды. Әр түрлі оқу орындарында оқитын құрылыс-жол, ауыл шаруашылығы, педагогикалық, медициналық, мәдени ағарту училищелері студенттері 21 желтоқсан күні кешкі сағат 18-де Ленин атындағы алаңда жиналып, наразылық митингісін ұйымдастыруды жоспарлады. Аталған мерзімде алаңға 400-дей жастар
9
Желтоксан-86: сборник документов. – Алматы, 2006. – Книга 8. – С. 95.
10
Қойгелдиев М. Тоталитаризмді тұңғыш рет тітіреткен // Егемен Қазақстан. – 2001. – 17 желтоқсан.
11
Қожамсейітов С. Жезқазған жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруі – жаңа қоғам толғағының көрінісі // Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы. Тарих сериясы. – 2007. – № 1. – 17-б.
12
Өскембаев Қ. Желтоқсан көтерілісі: ұлттық сананың жаңғыру уақыты // Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы. Тарих сериясы. – 2007. – № 1. – 8-б.