Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.келіп, сауатыңды аш» – деген сөздер ғана. Ол үндемеген. Манағы өлеңді қайталай берді. Оның ауанының басқа жаққа ауып тұрғанын Сұлтанмахмұт та аңғарып қалған; Жұматқа кіржие қарап, қоштаспастан кете беріп еді:
– Махмұт, – деп қалды Жұмат. Ол селк етті де, шағындау денесін шұғыл бұрып, бір нәрсе айтпаққа оқталып тұрған жігітке барлай қарады.
– Махмұт, – деді ол жүрексініп, – мектебіңе баруға рұқсат етесің ғой. Рас қой. (С. Торайғыров 1916 жылы Ысқақ хазіреттің медресесін мектепке айналдырып, ауыл балаларын жаңаша оқытып жүрген).
Сұлтанмахмұт рақаттанып ұзақ күлді.
– Сен секілді қазақ жастарына мектеп есігі әрқашан ашық!
Әкеге де, шешеге де бұл жайлы ләм деп жақ ашқан жоқ. Күнде ертеңгісін ошарлы үйдің медет тұтары – екі-үш қара құранның әуресімен жүруші еді. Сұлтанмахмұтпен кездескелі бері әлденені сылтауратып, қашақ болып жүр. Қойшылықтың таяғы сегіз жасар қаршадай Хамзаға мирас болып қалды. Үлкені, Әубәкір – шәкірт. Кішісі, Ғаббас – әлі де сәби.
Әке ешнәрсе сезген жоқ. Жанына сеп көріп жүрген Жұматы Павлодарға аттанып кеткенде орнын сипап қалды.
Соңынан барамын деп қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде зу етіп үш ай өтті. Оқуын бітіріп Жұмат келді.
Ол мұғалімдік қызметін бастады. Бұл 1920 жылдың күзі болатын. Жаңғырып жатты жапан дүз. «Мәскеуден қалың қол шығыпты. Ақтарды талқандамақ екен. Оны Лениннің өзі бастап келе жатқан көрінеді». Бұл сөзді Жұмат та естіді. «ЛЕНИННІҢ ӨЗІ КЕЛЕ ЖАТЫР». Осы сөз оның жабырқау көңілін жадыратып жіберді. Қуанды. Шындап қуанды. Күтті. Мектеп үйін мұқият жөндеуден өткізді. «КӨСЕМ КЕЛЕ ЖАТЫР» деді ол шәкірттеріне. Көсем келген жоқ. Бірақ көп ұзамай ұланғайыр далаға оның мейірім-шапағаты жетті.
«Семей шаһарында рабфак ашылыпты». Бұл хабар күн күркіріндей естілді оған. Қатты қуанды. Әкеге қолқа салып көріп еді, тоңмойын шал тоң-торыс қалды.
– Керекуден оқып келгенің аз боп жүр ме, балам?!
Жұмат күлді. Ханида жақтырмай қалды. Қабағын түйіп, қатулана сөйледі.
– Жасың болса отыздың үшеуіне келді, оқу сенің не теңің? Әукеш пен Хамза оқыса бір жөн.
– Оқимын, – деді бірбеткей мінезіне басып. Ханида тағы бір нәрсе айтпаққа оқталып келе жатыр еді, Жұмат «қой» дегендей қолын сілтеді. Күйеуінің мінезіне қанық Ханида айтпақ болған сөзін жұтып қойды да, жәудіреп енесіне қарады…
Қараңғылық әлі де сейіле қоймаған кез. Аспанның ақжемделген шырақтары сирексіп қалған. Ай сайғаққа ілінген орақ сынды. Қырық құрақ жаппаның маңы апыр-топыр адам. Қол созымда түйелі арба тұр. Бір топ адам соған қарай беттеп келеді. Орталарындағы Жұмат қапшығын тұңғышы Әубәкір көтеріп барады.
Арба тақап келе бергенде Ханида күйеуінің жеңінен тартты.
– Жұматжан, сен бізді, балаларды ұмытпайсың ба? Қайтіп келесің бе? – деді ол даусы қарлығыңқырап.
– Қайтып келем, Ханида. Хат салып тұрамын.
– Мен де барамын, – Хамза әкесінің шалғайына жабысып жатып: – менің де оқығым келеді, – деді
Есейіп қалған Әубәкір Жұматты алыс сапарға жібергісі келмегендей мұңайып тұрды.
– Сендердің