Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.көп шұғылданды. «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты монографиясында қазақ халқының этникалық құрамына, ру-тайпаларының тарихына, тілдеріне көп тоқталған. Бұл еңбегі дүниежүзінде түркология ғылымына қосылған сүбелі үлес деп бағаланды. 1959 жылы өзі қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткен соң басылып шықты. 1997 жылы екінші басылымы «Санат» баспасынан жарық көрді.
Әкем 1931 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында қызмет істеген. 1937-1958 жылдар аралығында қазақ тілі кафедрасын басқарды. 1934 жылы Қазақ ұлт мәдениетін ғылыми-зерттеу институты ашылған еді. Сәрсен Аманжолұлы сол институттың алғашқы директоры болды. Бұл қазақ тіл білімінің балаң кезі еді. Институтта тіл, әдебиет, өнер, тарих секторлары болды. Қазақтың ұлт мәдениетін зерттеу алғаш осы институттан басталған еді. 1936 жылы сол институттың негізінде КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы құрылды. Оның тіл-әдебиет секторын 1937-1942 жылдары С. Аманжолұлы басқарды. Кейін бұл филиалдан 1946 жылы Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Оның ішінде бұрынғы бір ғана институттан төрт-бес үлкен институт пайда болды. Әкем тіл мәселелерімен айналысып қана қоймай, қазақ фольклорын көп жинады. 1927 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында тұратын Құсайын деген жыршыдан «Бөгенбай батыр» атты халық жырының толық нұсқасын жазып алып, 1935 жылы баспадан шығарды. 1951-1952 жылдардағы науқан кезінде оған осы жырды жазып алғаны айып болып тағылды.
– Сөзіңізден байқап отырғанымыздай, С. Аманжолұлы ғылымның түрлі саласына еңбек сіңіріпті. Жалпы, өзіңіз ол кісінің осындай әмбебаптығын немен түсіндіре алар едіңіз?
– Бірінші, қазақ халкының өзінің дарындылығына байланысты болар. Әкем өзінің бір естелігінде әке-шешесінің халық ауыз әдебиетін жақсы білетінін жазады. «Үйге келген қонақтардан қызықты әңгімелер тыңдайтынбыз. Әуестігім сол кезден басталды», – деп жазатын.
Екінші, жүрген ортасының әсері болды деп ойлаймын. 1915-1917 жылдары әкем Қатонқарағайдағы орыс-қазақ мектебінде оқыды. Сұлтанмахмұт Торайғыров сол мектепте мұғалім болыпты. 1919-1920 жылдары Семейде мұғалімдік курста оқып жүргенде Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс тыңдапты. Әкем Ташкенттен Орта Азия университетін 1930 жылы филолог мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Онда атақты шығыстанушы В.В. Бартольд, С.Е. Малов сияқты ұстаздары болды. Солар да әсер етті деп ойлаймын. Қалай дегенде де, әкем үлкен мектептен өтті. Мұхтар Әуезовпен 20-жылдардан араласып тұрды. Әкемнің студент кезінде Әуезов аспирант екен. Өмір бойы жақсы достық қатынаста болды. Әлкей Марғұланмен де достасты. Кейін менің өміріме де Әлкей аға көп әсер етті. Көп көмектесіп, ақыл-кеңесін айтты.
Бір жолы үйдегі мұрағатты ақтарып жатып Әлихан Бөкейхановтың хатын тауып алдым. 1935 жылы Мәскеуден Ұлт мәдениеті институтына жолдапты. «Институтта қазақ ауыз әдебиетінің зерттелу жағы қалай? Тарихты зерттеу қалай?», – деп сұрайды. Ол кезде, шамасы Ә. Бөкейханов Мәскеуде «мырзақамақта» отырған болуы керек. Әкем хатты сақтап қойған. Кейін сол хат жөнінде Б. Сапаралы «Егемен Қазақстанға» мақала жариялады.
Әкемнің Сәкен Сейфуллинмен жақсы қарым-қатынаста болғанын үлкендерден еститінмін. Кейін әкемнің мұрағатынан Сейфуллиннің қазақ әдебиеті туралы үлкен қолжазбасы табылды. 1936-1937 жылдары жазылған қолжазба екен. Кейін оны зерттеуші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа тапсырдық.