Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.адамдардың жаны өлмейді, ал надан адамдардың жаны мәңгілік емес деп топшылайды. Осындай екі ұшты пікірді көргенде жанның өлмейтіндігіне ол кәміл сенді дегенге илануға болмайды. Ал мұның өзі (өлмейтіндік) кейін Л. Фейербах айтқандай, адам өзінің ерен еңбегі арқасында басқалардың жадында сақталып қалады деген мағынада емес пе екен?
Парасаттың түрлі-түрлі мағынасын жүйелі негізде арнайы талдай келіп, әл-Фараби діни нанымға қарама-қарсы өзінің ойлау концепциясын өрістетеді. Ол мұсылман дінінің қадісін жақтаушы мутакаллимдерді тәжірибе арқылы жинақталған адам парасатының4 тәуелсіздігін сөз жүзінде жақтап, іс жүзінде «жалпы шариғат ережелерін», яғни Құранның қағидаларын қолданатындығы үшін кінәлайды.
«Парасат» деген ұғымды ұсына отырып, әл-Фараби ойлау мен болмыс парапарлығының диалектикасын шебер ашып көрсетеді. Таным дәрежесіне жеткенге дейін парасат екі тараптан потенциалды болады. Субъект тарапынан алып қарағанда, парасат өзін әлі көрсете қоймаған пайымдау қабілеті ретінде потенциалды. Объект тарапынан алып қарағанда, парасат заттың ойландыруға, пайымдауға қабілеттілігі себепті потенциалды. Пайымдалған нәрселерге қатынасы, бұлардың потенциалдылықтан нақтылыққа айналуы арқасында потенциалды парасат шын парасатқа айналады. Бұл диалектикада күллі нәрсе атаулының парқын пайымдауға парасаттың (ойлаудың) қабілетті екенін анықтаудың маңызы ерекше. Бірақ ақылмен пайымдалатын заттардың мәні оқшау шығарылады, сол заттардан, сезім арқылы аңғарылатын шындықтан бөлініп алынады. Аристотель сияқты әл-Фараби де платондық идеализм жағына ойысып, айрықша идеялар дүниесі бар деп біледі.
Енді әл-Фарабидің Платон мен Аристотель жөніндегі көзқарасына толығырақ тоқталып өтейік. Бізде оның осы тақырыпқа арнайы бағышталған трактаты бар. Дитерици оның «Ал-иттифак» (келісімділік, ауызбірлік, үйлесімділік) деген дағдылы тақырыбы көшірушінің білместігінен қойылған ат екенін айта келіп, мұның өзі автордың ой түйінін бұрмалайды деп есептейді, біздіңше, осы пікір дұрыс сияқты. Бұл шығарманың Дитерици сүйеніп отырған қолжазбадағы тақырыбы – «Әл-жам бейна» – Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігін неғұрлым дәл көрсетеді өйткені әл-Фараби бұлардың көзқарастарында қайшылық бар сияқтанып көрінетіндігін бұлар белгілі бір мәселені не әртүрлі жағынан алып қараған, не бұған әртүрлі тұрғыдан қарап, түрлі-түрлі мақсат көздеген деп түсіндіреді. Ақиқат – біреу, ал оған жақындау әдістері сан алуан. Алайда мұны әртүрлі пікірлер арасында байланыс атаулының болмауы деп түсінетіндер, бұл пікірлерді мүлде қарама-қарсы нәрселер ретінде салыстырушылар аз емес. Бір қызғылықты жайт, Платон мен Аристотельді жақындастыру дәстүрін жаңа платоншылдар (Аммоний Саккас, Плотин, Прокл) бастап берді. Осы дәстүрден қол үзе алмаған әл-Фараби философия тарихшысы5 ретінде олардың көзқарастарындағы қайшылықтарды кішірейтіп көрсетеді. Бірақ мұндай позициядан Э. Целлер
4
Қараңыз: «Екінші Ұстаз әл-Фарабидің интеллект сөзінің мағынасы» жайындағы пайымдамасына арналған 4-ескерту, осы кітаптың соңында берілген.
5
Әл-Фараби грек тілін білген бе, сөйтіп мәтінмен түп нұсқада танысуға мүмкіндігі болған ба, жоқ па, бұған анық жауап айту қиын. Өзінің айтуынша, ол кемеңгер Стагириттің мұрасын ұстаздан шәкіртке ауызекі беру арқылы сақтап қалған. Оның үстіне әл-Фарабидің түсіндіруінше, оған философиялық білім берген ғалымның өзі грек тілін жетік білген, онда тіпті Аристотельдің өз қолжазбасының көшірмесі де болған көрінеді.