Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.ой-пікірі, демек, субъективтік жағынан алғанда белгілі бір ойшыл одан жоғары тұрғанымен, қалай да өз заманының перзенті болып қала береді. Сондықтан орта ғасырдың бас кезінен ашық материалистік концепция іздеу тарихқа қайшы келер еді. Әл-Фарабиді азды-көпті дәйекті материалист етіп көрсетуге талпынушылық та нақ сондай өрескелдік болар еді. Ол – түп негізінде идеалист. Бірақ бірсыпыра мәселелерді шешуде онда материалистік тенденция бар екенін немесе оның идеализм мен материализм арасында ауытқып отыратынын біз айқын сеземіз. Оның үстіне дін догмаларына саналы түрде (көзсіз емес), әсіресе сын көзімен қарауға байланысты адамзат ақыл-ойының алдына қойылған белгілі бір проблемаларды теория жүзінде ұғыну әрекетінің өзі «попшылдықтың» және оған қызмет етуші теологияның тамырына балта шапқандық еді. Тарихи керексіз болып қалған, қоғамдық сананың бір формасы ретіндегі дінді тірілтіп, жаңартатын идеализмге деген көзқарас дінді теориялық жағынан жеңу процесі басталатын, идеализмнің тарихи болмай қалмайтын формасына көзқарастан мүлде басқаша болуы тиіс. Л. Фейербахтың схоластикалық философия жайында (мұның өзі тарихи реликвияға айналғанға дейін), тіпті оның ең сұмпайы да күңгірт жақтары жайында бұл философия ойлау- шы рухтың іс-әрекетке құштарлығының көрінісі еді деп айтқан пікірі өте орынды: «Беделге ғана негізделген наным қағидаларын дәйектеп, дәлелдеуге тырысқанда ол осы арқылы, онда да көбінесе өз білімі мен еркінен тыс, парасаттың беделін дәлелдеді, сөйтіп, ескі шіркеу принципінен өзгеше принципті, ойлаушы рух принципін, парасатты сана-сезім принципін дүниеге келтірді, ең болмағанда осыған жағдай әзірледі»2. Діни ортодокстер исламның философияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын жан-дүниесімен сезініп, философияға салыну әрекетінің өзін қатты жазғырды, дінге сөзсіз ден қоюды талап етті.
«Бәле-жаладан аман сақтаушы, жарылқаушыға шүкірлік!» деген сияқты сөздермен құдайды мадақтау – әл-Фарабидің дағдылы лебіз білдіру рәсімі ғана емес, сонымен қатар орта ғасырда философиялық ой-пікірді дамытуға септігін тигізген діни теологиялық форма еді. Демек, негізінен алғанда, әл-Фарабидің философиялық ілімі идеализм болып табылады, әлемді жаратқан Құдай деп білетін теологиялық түсінікке сүйенеді. Бірақ бұл – едәуір өңделген ілім, өйткені мұның өзі дербес ой толғауының өзегі, догма мен нанымға емес, парасатқа сүйенген философияның өзегі болып отыр. Сондықтан да ортодокстер дін мәселелері жайындағы еркін зерттеу атаулының, философияға салынушылық атаулының «күпірлігін» мейлінше қатты жазғырған, әсіресе әл-Фараби философиясына қарсы қатты шүйліккен. Бұлай болатын себебі, Усейби’аның тауып айтқанындай, әл-Фарабидің философиялық жүйесінің «жұмбақ жерлері» көп, ал бұлардың сыры ойшылдың өзі қайтыс болғаннан кейін ғана ашылады да, қазіргі терминология бойынша, материалистік тенденциялар екені, яғни идеализм мен материализм арасында ауытқып, материализм тарапына көбірек бейімделе бастағаны танылады.
Энгельстің
2
Фейербах Л. Философия тарихы, I том. М., 1967, 72-бет.