Болмаған балалық шақ. Акберен Елгезек
Читать онлайн книгу.қайтатын. Ядролық сынақтардың зардабы тұқым қуалайды деп оқығам. Сол апайым екеумізді айналып өтіп, Данышпанға келгенде аяушылық танытпапты. Кейін естідік, әкем көзі тірісінде Данышпанды Мәскеуге апарып емдетем деп біраз әрекеттеніпті. Өкінішке қарай, үлгермеді. Ол үшін салқар кезекке тұрып, қол жетпес квоталар алу керек екен, қысқасы, машақаты көп шаруа дейді. Әлде сол кездің қанқұйлы саясатының ұстанымы бойынша дәрігерлер полигонның әсерінен мүгедек боп қалған балаларды эксперимент ретінде зерттеп, әдейі емдеуге асықпаған шығар. Ол жағы маған беймәлім. Бірақ жүрек құрғыр соны сезеді. Әкемізді де Үкімет жыл сайын шипажайға жіберіп, үнемі анализ алып отыратын деп айтатын шешеміз… Әкей кеткен соң, Данышпан кімге керек?! Шешемнің түрі болса – мынау. Мынандай жағдайда ауру баланы емдетпек түгілі, артық қимыл жасауға жағдайы жоқ, туыстарын паналап отыр.
***
Ағам екеуміз дос едік.
Жаздың бір ыстық күнінде Данышпан екеуміз суға шомылайық деп үйдің іргесінде ағып жатқан өзенге бардық. Сол күн есімнен еш кетпейді. Адам боп ең алғашқы рет өзенге шомылуға келіп тұрмыз. Суда жүзуді білмесем де, өзенге әдеттегідей бірінші боп мен қойып кеттім. Қойып кеттім… ал аяғым жерге тимей қалды. Өзені бар болсын, мұндайда малтуды білу керек екен ғой! Оны кім ойлаған? Адам терең су болса батады екен, батқан соң, тұншығады екен, оны бізге кім айтты дейсіз. Ал тұншық! Ал тыпырла! Ал жанталас! Дүние шыркөбелек айналып бара жатты. Ағам менің батып жатқанымды ұқты ғой деймін, «әй, әй» деуге ғана шамасы жетті.
Судың түбіне бір кетіп, бір шығып қалытқыдай қалтылдаған мен жағада шырылдап жүрген ағамды көрем. Бір кезде Данышпан суға дір-дір етіп, киімшең түсті, әйтеуір. Қолымды беріп үлгердім, өзіне қарай тарта бастады… Жаным қалды. Жағаға қалай шыққанымызды білмеймін, су құсып жатыр екем.
Ағамның алғашқы және соңғы ұрысқаны сол болды. Бірдеңені бүлдіріп қойсақ, нағашы апамның айтатыны бар: «Қазір ішіңнен ішегің шығады, бәлем!» деген. Данышпанның да еститіні сол ғой, маған ыза боп тұрып, «суға неге секіресің? Жағаға жақын жерге түспейсің бе! Әне, тұншығып едің, ішегің шығайын деп тұр, қара әне, ішіңе!» – деп айқайлады. Ішек туралы әңгіме естілісімен мен бақырып қоя бердім. Ағам өзі өкініп қалды ғой деймін, жүгіріп келіп, мені құшақтай алды. Жүрек дегенді қойсайшы, туыс құшақтан еріп кете жаздады ғой сол кезде.
Онсыз да әкеміз қайтқалы іштей қамығып жүрген екеумізді бұл оқиға ерекше толқытты және қатты жақындастырып жіберді. Бірге жыладық. Данышпан мені ерекше мейіріммен құшақтап алып, аға болып жұбатты. Жағада құшақтасып, ұзақ отырғанымыз есімде. Ой, Алла-ай, десеңші, сол кезде Данышпан бар-жоғы жеті жастағы бала екен ғой…
***
Данышпан көбінесе үйде отырады. Сурет салады, ежіктеп кітап оқиды. Одан қалса, теледидардың алдында шоқиып, үлкен адамдар көретін фильмдерді тамашалайды. Мультфильм дегенді көріп отырғанын байқамаппын. Данышпанды туған-туыс жақсы көретін. Үлкен кісілермен шай ішіп отырып, ойлы жанарын арлы-берлі аударып,