Болмаған балалық шақ. Акберен Елгезек
Читать онлайн книгу.қуып барам. Жетіп алған соң, «бір әңгіме айтып берейінші», – деп жалынам. Ол: «Жоқ, кәмпитті былай-ақ ала қой», – дейді. Мен түсінбей далмын. Олардың мені аяп жүргендерін қайдан ғана білейін? Осындай екі-үш жағдайдан кейін, жыным ұстап, тегін келетін тәттіден бас тарттым. Содан бері тәттіге жаным қас, мүлде жемеймін, осы күнге дейін.
***
Шешем тұрмысқа шыққалы, ағам қайтыс болғалы көңілсіз күндердің тізбегі еш толастаған емес. Бір күнім бір күнімнен аумай, ақырын жылжып өтіп жатты. Сырттағы жылдың қай мезгілі де еш өзгермейтін секілді боп көрінетін. Көшедегі ойынға да, үстелдегі кәмпитке де зауқым жоқ.
Біреуді барып, жабысып құшақтағым келетін сияқты. Біреу мені құшақтап, еркелетсе деп армандаймын. Нағашы ағаларым өз балаларын айналып-толғанып жатқанда, маған да бір жылы сөздің ұшқыны тиіп қалар деп жәутеңдеп тұрғаным.
Өзіңіз ойлаңыз: мен әкемнің жан еркесі, шолжаңбайдың нақ өзі болған баламын. Жұмыстан келе сала әкейдің мойнына мініп алып, «анау тиісті, мынау тиісті!», «ананы әпер, мынаны әпер!» деп ырбиып жылай беретін балпанақтай баланы арада екі жыл өтпей-ақ сирақтары сыриған, көзі мұңлы, жан-жағына үрейлене қарайтын, өзі сақ, бетінде қан-сөлі жоқ балаға айналады деп кім ойлаған! Әке-шешесінің қасында пысылдап ұйықтап, көзін былшықтан тазарта сала, еркелеп ойнақтаған баланың алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын кім білді дейсіз?!
Тәңірі салса, бәрін көресің. Аяқ-астынан бәрі өзгеріп шыға келгенде, не істеріңді білмей абдырап, жан-жағыңа жаутаңдайсың да қаласың. Жып-жылы үйден даладағы қақаған аязға лыпасыз лақтырып жібергендегідей күй. Қорғансыздық. Һәм осы хәл әділетсіздік секілді. Немесе біреудің қылық-күнәларының өтеуі сияқты. Бірақ неге мен? Қаршадайымнан жүрегімді қарыған осындай сұрақтарға мен қаншама рет кездестім екен?..
Дегенмен бала жанымды шырқыратқан, азапқа салған осынау шиеленісті күндерде менің қазіргі күрделі болмысым қалыптасып жатты. Мен өмірдің бояуларын өзімше көруге үйрендім.
***
Шешем басқа үйге көшкен жылы, Маржан Талдықорғандағы училищеге оқуға түскен еді. Одан да көп болды, хабар жоқ. Жалғызсырағанның көкесін көрген екі бала болса, оның бірі – менмін. Жалғыз болса, тағы – менмін. Жаратылысымнан жүрегім нәзік екенін сезетінмін, бала кезімнен өзге балалардан жүрісім де, тұрысым да өзгеше болатын. Дүниені қабылдауым да. Бұдан кішкентай кезімде қандай қияли болғанымды жоғарыда сізге баяндап бергем. Қазір де жетісіп тұрғаным шамалы. Әрнені қиялдап, жоқтан бар жасап, жан-сарайымда өзіме ұнайтын әлемімді сомдап алғам. Ол әлемде бәрі мүмкін.
Кейінгі уақытта, бұл жалғанда қарасы көрінбейтін әкені сағыну сезімі пайда бола бастады. Сол кісінің рухынан медет тауып, іштей сырласатын едім. Әр күнім мен үшін ғасырдан да ұзақ болатын. Әсіресе, кеш қарайған кезде өзімді қоярға жер таппай, ғаламат аласұратын болдым. Тезірек ұйықтауға асықсам да, маза бермейтін сансыз ойлар мен жанымды жегідей жеген сағыныш, тағдырдың жасаған әділетсіздігіне деген ыза бойымды билеп, ұйқымды қашыратын. Тәнімнен