Қанатты сөз – қазына. 2-кітап. Кеңес Оразбекұлы
Читать онлайн книгу.Міне, бөгеттің негізі осылай тұрғызылыпты. Содан бұл «Сырым бөгеті» аталып кеткен». (Т. Құсайн, Ж. Шөжеғұл, 31. 26.11.2014).
АҚЫННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ӨЗІНЕН
ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН ТУАДЫ
«…Алайда отқа да түскен, суға да түскен сол Махамбеттің заманында қараорман елі де болған, шұрайлы жері де болған. Өріс толы малын шетінен кертіп жеп отырса, кім қой дер еді. Солай бола тұра жұмыр басын бәйгеге тіккені қалай? Қайда салса да қайтпай, ақ алмастай қиып түсіп, шамырқанса шарт сынатын құдіреті неде? Оның Абайға дейінгі ақын-жырауларға қарағанда өркештеніп, айбынды көрініп тұратын себебі: құр босқа шындықты айтып шырқырай бермей, ақиқаттың сөзін сөйлеп, халқына тізе батырып, қаңқақсатып жылатқан қарау күштерге қарсы майдан аша білгенінде; „Исатай – басшы, мен – қосшы“ деп, қала берді бүгінгі кейбір ұры ұлықтар секілді халықтың нанын жемей, қамын жеп, ашық айқасқа шыққан көзсіз ерлігінде; „Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске!“ деп кілең арыстан айбат, жолбарыс жүректі жігіттерді іріктеп, күреске бастаған көк серек азатшылдығында; өзі өмір сүрген өңірдің құбылмалы тіршілігіне қарап, алдағы күннің жақсылық, жамандығын сезе білетін көріпкелдігінде. Ноғайбай шешен: „Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады“ деп, мүмкін осыған қарап айтқан шығар, кім біледі». (Р. Ниязбек, 9. 21—27.08.2014.).
Әдетте ақын-жазушылар мен жалпы ойшылдардың интел-лектуалдық қабілеті жоғары болатынын, тарихи өткенді терең біліп, соның арқасында болашақты да болжай білетін көріпкелдік қасиетін Ноғайбай шешен дәл түйіндеп бере білген.
АҚЫРАП, ҚАУЫС, КӘРІ – ҚҰРТАҢДЫ ТАУЫС
«Қауыс амалы қарашаның 20—25 жаңасына дейін созылады. Бұл – араб тілінен енген сөз. Осы мезгілде жерге қар түсіп, төңіректі түгелдей ақ ұлпа жабады. Жеңіл, жұмсақ қар. Осыған байланысты қазекең бұл амалды ақ қар деп те атаған. Қауыс негізінен, қазақ тұрмыс-тіршілігіне қауіпті, қаһарлы амал саналған.
«Ақырап, қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал жәйден-жәй айтылмаса керек. Мұның мағынасы «ақырап» (қазан), қауыс (қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарыңды жара-татын уақыт болды» дегенді білдірсе керек. Міне, осы қауыс амалы кезінде күн суытып, бұрқақ, өткінші жаңбыр жауатын болған». (07. 20.11.2014.)
«Ақырап ақырын келді, қарлы боранын шақырып келді» деген сөз тіркесі де бұл ай, амалдың қандай қасиетке ие екенін айқындап тұр.
АҚШАНЫҢ СӨЗІНІҢ ҚЫНЫ БАР,
КҮНТУДЫҢ СӨЗІНІҢ ҚҰНЫ БАР,
ЫСТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛДАН ДАМБАЛЫ БАР
«Ақша батыр, Ақша елі, Ақшаның қулығы, „Ақша тоған“, Ақшаның бір ер-тоқымы бір кісіні алдағаны жайлы аңыз әңгімелер ұшан-теңіз. Ақша батырдың шыққан ортасы жайлы бірер сөз. Ақшалар қуақы, қақпа сөзге ұста келеді екен. Ел ішінде „Ақшаның сөзінің қыны бар, Күнтудың сөзінің құны бар, Ыстының қызылдан дамбалы бар“ деген бұрынғылардан сөз қалған. Олай дейтіні Ақшалар қу тілді, Күнтулер әр нәрсені дөп басып тауып айтады екен, ал Ыстылар шетінен