Ел Шоңы. Бесінді. III кітап. Қанат Жойқынбектегі
Читать онлайн книгу.Бұрынғыдай жөнге салып отыратын Таубай жоқ. Туыстықтан да кете бастаған. Соңғы жылдары біріне бірі қатынаспайтын болған. Шоң да бұрынғыдай емес, «Балықтыкөлге» қаршыға салып барып жүргенде оларға соқпайтын. Бұл да Елгелділердің сырттан айтқан сөздеріне ренішті еді. Шоң жүйрік ат сұрап, Елгелділерді әуре етпей-ақ қоямын деп отырған еді. Бірақ сыртта көз көп. Ертеңгі күні Шоң ана Сатыпалдының бір баласы Елгелділерден жүйрік ат алмады дейді. Соны ойлаған ол қазіргі Елгелдінің үлкені Ақсарыны екі рет шақыртқан. Ол келмеді. Сол екі ортада әкесі ме, әлде басқа біреулер ме, мына көрші жатқан Елгелділерде жүйрік ат барын жеткізіпті орыс-казак бастығына. Мұның арты ертеңгі күні ұмытылмайтын бір әңгімеге айналып кететінін біліп, Шоң ертеңіне орыс-казактардың екеуін ертіп алып Балықтыкөлге тартты. Тура Айсарының үйіне келген. Бұл кезде ол қайтыс болған. Ол өлгенде Елгелділер Шоңға оның қайтыс болғаны туралы хабар бермеген. Шоң кейін Елгелділер хабарламағанына қатты ренжіп жүретін. Олар үшін аруаққа ренжуге болмайды. Сондықтан бірінші Айсарының үйіне келді. Үйден оның баласы Құтпан шықты. Шоң оны бұрын көрмеген еді.
– Сен кімнің баласысың? – деді Шоң.
– Мен Айсарының баласымын.
Шоң оған түк айтқан жоқ, атының тізгінін берді де ішке кіріп кетті. Үйде Айсарының екінші әйелі отыр екен. Кедейліктен бе, Елгелділер екі әйел алмайтын. Олардың арасында екі әйел алған Таубайдан кейін осы баласы ғана еді. Шоң онымен амандаспастан, отыра қалып құран оқи бастады. Шоңның ешқандай амандық жоқ, бірден құран оқи бастағанына түсінбей отыр ол. Шоң құранды оқып бітіре бергенде үйге Ақсары кірді. Таубай түқымымының казіргі үлкені Ақсары еді. Бұл жас жағынан Шоңнан үлкен болатын. Шоңның бір әдеті, үйде отырғанда қандай үлкен адам болмасын, бірінші орнынан тұрып сәлем бермейтін. Көптен бері есіктерін ашпай жүрген Шоңның мына келісіне таң қалып қалған ол да. Оның үстіне жасын сыйламай, сәлем бермей отыр. Ол Шоңның өзінен сөз күтіп отыра берді.
Шоң Ақсарыға ызалы еді. Ағасының өлгенін хабарлап, шақырмағанына ренішті еді. Өткен жолы жүйріктер туралы шақырғанда келмеді. Шоң оны көп күттірген жоқ, сәлден соң сөз бастаған:
– Сен, Ақсары, мен шақырғанда неге келмейсің? – Даусы қатты шықты.
– Мен сенің аулына неге барамын? – Бұл да қырсық жауап еді.
Шоң қасында отырған екі орысты көрсетті.
– Мен шақырып отырғам жоқ, мына екі орыс шақырған сені.
– Менің орыстарда ешқандай шаруам жоқ. Олардың менде не ақысы бар?
– Ақсары, есіңде болсын, сен де, мен де осы орыстарға тәуелдіміз. Сондықтан олардың айтқанын жасау біздің міндетіміз. Бұлар Кербестінің тұқымынан екі жылқы сұрап отыр. Соны бересің.
– Мен бұл орыстарға ешқандай жылқы бермеймін. Күш көрсетіп тартып әкететін болсаң, өзің білесің. Мен өз қолымнан жылқы бермеймін!
Шоңның сол арада айтатын сөзі болмай қалды. Бұл үйге бұл шаруамен келмеу керек еді деп ойлады. Мұнысы ағасы Айсары өліміне келмегеніне қазақи өкпесі екенін білді. Шоңның әлі де айтар сөзі көп еді. Бірақ айтпады. Әңгіменің