Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009). Бақыт Бөжеева
Читать онлайн книгу.Осыған байланысты Германияның көптеген саяси қайраткерлері елде әлі де болса бір-бірін жөнді білмеген, бір-біріне көңіл қоймайтын, қызықпайтын екі герман қоғамы өмір сүріп келе жатқандығын ескертті. Г. Шредердің өзі шығыс өлкелеріне жасаған сапарынан кейін елдің бұл бөлігін қайта қалпына келтіру ісінің жартысының ғана жүзеге асқандығын баса айтты. Кейбір парасатты зерттеушілер елдің толығымен бірыңғай ықпалдасуы үшін талмай еңбек ететін 20 жылдық мерзім қажет деп айтуы бекер емес.
1999 жылы мамырда ГФР-да билік басына сегізінші жаңа президент социал-демократ Йоханнес Рау келді, ол бұл қызметте консерватор Роман Хрецогты алмастырған болатын. Өзінің басты міндеті етіп, ол адам құқықтары мен конституциялық негіздерді қорғау деп жариялады. 16 әкімшілік өлкенің күллі тұрғындары барлығына ортақ заңдар мен дәстүрлерге сәйкес тең өмір сүру құқықтарына ие болуы керек. Сонымен қатар, жаңа президент ұлтшылдықтың кез келген көріністерін айыптап, елдің жаңа азаматтарының құқықтарын қорғайтындығына сендірді.
2000 жылдың сәуір айында Эссен қаласында ХДО-ның төтенше съезі өтті. Партия төрағасы болып консерваторлардың жетекшісі лауазымындағы алғашқы әйел адам және ГДР-дың бұрынғы азаматы Ангела Меркель сайланды. ХДС жаңа басшылығы алдында тұрған мәселе партияны ұзаққа созылып кеткен дағдарыстан шығару және осыған байланысты сайлаушылардың сенімсіздігін азайту еді. Қазірде бұл партияға сайлаушылардың 23 %-ы ғана сенім білдіретіндігі анықталды. Ал бұл бір кездері қуатты болған оңшыл партияның қалыпты түрде саяси өмір сүруіне жеткіліксіз болып табылады.
Дағдарыс жағдайында тек консерваторлар ғана емес, басқа да саяси партиялар болғандығын ескере кету қажет. 1990 жылдан бастап бундестагтағы барлық саяси ұйымдар өздерінің жақтастарының шамамен төрттен бірінен айырылды. Аса зор шығынды 1998 жылдан бастап билік етіп келген ГСДП сезінді, оның мүшелерінің саны 1990 жылы 937 мың адамнан 2001 жылы 734 мың адамға дейін, яғни 21,7 % азайды. Ал Демократиялық социализм партиясы 68,5 % мүшелерінен айырылып, күйреу қаупіне ұшырады. Қатарында 88 мыңдай ғана мүшесі бар ДСП елде елеулі саяси салмаққа үміт артпаса да болады. Мұндай жағдай Еркін демократтар либералды партиясында да қалыптасты. Еркін демократтар өз мүшелерінің 65 %-нан айрылып, 2000 жылы мүшелердің саны 62 мың адамды ғана құрады.
Елдің ең ірі саяси күші бұрынғысынша ХДО/ХӘО консервативті блогы болды, оның мүшелерінің саны 6-7% ғана азайған және 800 мың адамды құрады. Тек «жасылдар» ғана өз қатарының қысқаруынан аман қалып қана қоймай, тіпті, оны кеңейте түсті. «Жасылдар» мүшелерінің саны 50 мың адамды құрады.
2000 жылдың аяғында Батыс Еуропаның көптеген басқа мемлекеттері сияқты ГФР-де де импортталатын мұнайға бағаның күрт өсуімен байланысты энергетикалық дағдарыс етек алды. Елде дағдарыстан шығу және мұнай өнімдерінің дағдарысқа дейінгі бағаларын қайта қалпына келтіру жөнінде қабылданған шұғыл шаралар талаптарына жаппай наразылық шерулері өтті. ХДО/ХӘО оппозициялық партия өкілдері күшті