Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945). Амангелді Әліпбаев
Читать онлайн книгу.әлемдік экономикалық дағдарыстан басталды. 1929 – 1933 жылдары әлемдік экономикалық дағдарыс герман экономикасының әлсіреуіне алып келді. Бұл алдымен оның шетел капиталына тәуелділігімен түсіндіріледі. Дағдарыс салдарынан машина құрылысы, тау-кен өндірісі, құрылыс материалдарын жасау, кеме құрылысы, көмір өндіру қысқарып кетті. Сыртқы сауда 60 пайызға қысқарды. Валюта қайта құнсызданды; бірнеше банктер бос қалды. Жұмысшылардың жағдайы күрт төмендеді: 1932 жылы елде 8 млн жұмыссыздар болды; жұмысшылардың жалақысы 42 пайызға қысқарды; жүздеген мың шаруа қожалықтары өз жұмыстарын тоқтатты; мыңдаған қолөнершілер мен саудагерлердің жағдайы да осы іспеттес еді.
Дағдарыс кезеңінде жеңімпаз мемлекеттер Германияның репарация төлеуінің жаңа «Юнг жоспарын» жасаған болатын.
Бірінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде қалыптасқан қайшылықтарға қарамастан, 20-жылдардың аяғында, яғни 1929 жылдың 11 маусымындағы Ұлттар Лигасы Кеңесінің Мадридтік мәжілісі кезіндегі бейресми сұхбат барысында Германия мемлекетінің Сыртқы істер министрі Г. Штреземан мен Франция тарапынан А. Бриан алғаш рет «біріккен Еуропа» жобасының ережелерін талқылайды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі күштер арақатынасын іріктеуге және соғыстың қалдықтарын жоюға Еуропаның бірігуі өзіндік әсер ететіндігіне Штреземан сенімді еді. Тек, бұл жобалар идея күйінде қалып, еуропалық алаңдағы шиеленіс Германияның билігіне фашистік топтардың келуіне байланысты тіпті, өрши түсті.
«Юнг жоспарымен» Мюллер үкіметі де толығымен келісті. Бірақ дағдарыс барлық жағдайды өзгертті. 1930 жылы 30 сәуірінде Мюллер үкіметі өз қызметін тоқтатты. Жаңа үкіметті католиктік орталықтың жетекшісі, қаржылық сарапшы Хайнрих Брюннинг басқарды. Осы сәттен бастап Германияда іс жүзінде билік тікелей президенттік басқаруға көшті, канцлерді қашан, кімді тағайындаймын десе де, парламентті тарату қажет пе жоқ па, барлығын өзі шеше бастады. Кейінгі жылдары бұл парламенттік жүйенің жойылып, авторитарлы президенттік билеудің қалыптасуына әкелді. Мемлекет тағдыры толығымен президенттің қолына көшті. Ал тағайындаған канцлердің қолында нақтылы саяси билік болмады.
Брюннинг үкіметі дағдарыстан жұмысшыларды қанау арқылы шығуға болатын жоспарын жасады. Жұмысшылар мен шенеуніктердің еңбек жалақысы 10 пайызға дейін қысқартылды. Ал жұмысшылардың төлейтін салығы 2 млрд марканы құрады. Дағдарыс салдарынан болған таптық қарама-қайшылық ірі таптық қақтығыстарға алып келді. Дағдарыс жылдарында Германияда екі мыңға жуық қақтығыс болды. Көтеріліске шыққандар билік басындағылардан дағдарыстан шығу жолын тауып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуды талап етті. Осы жылдары елдегі саяси күштер түп-тамырымен өзгерді. Жұмысшы топтары билік жүргізуші партиялардың саясатына көңілдері толмай, жарты бөлігі Коммунистік партияларды қолдады. 1930 жылы рейхстагқа сайлау өтіп, көп дауысты фашистік партия алды. Сайлау нәтижесі, фашистердің билікке келуі тез арада болатынын көрсетті. Ірі қаржы алпауыттары өздерінің