Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.Қaзaқстaнның ұлттық құрaмындaғы этнодемогрaфиялық өзгерістер
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 1. XVIII ғасырдың бірін ші ширегіндегі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси жағдай
XVIII ғ. басындағы Қазақстанның геосаяси жағдайы күрделі болды. Қазақ жүздері оңтүстікте және оңтүстік-батыста Бұхара, сонымен қатар Хиуа хандығымен шектесті. Бұл хандықтарда ішкі саяси тұрақсыздық және өзара қақтығыстар орын алғандықтан, кейіннен күшті мемлекеттердің отарлау объектісіне айналды. Қазақ жері солтүстікте және солтүстік-шығыста Ресей империясының иеліктерімен шектескен еді. Сондықтан қазақтардың ең ұзын шекарасы Ресеймен болды. Төменгі Еділ, Оңтүстік Орал және Сібір халықтары XVI ғасырдың соңынан бастап ресми түрде Ресейдің отары болғанымен, іс жүзінде мемлекеттік жүйеге бірікпеген еді. Сондықтан орыстардың әскери-отарлау әкімшілігі Кіші және Орта жүз қазақтарымен шектескен Еділ қалмақтары, башқұрттар, Сібір татарлары орналасқан жерлерде өзінің бағытын күшейте түсті. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста қазақтар Жоңғар хандығымен шектескен. Мұның өзі онжылдықтар бойы қазақ жеріндегі тұрақсыздыққа алып келді және жоңғарлардың басып алу әрекеттерін күшейтті. Осылайша, мұндай геосаяси үдерістер қазақтардағы көшудің дәстүрлі жолдары мен бағыттарын өзгертіп, жайылымдық жерлер мен жақын аймақтардағы сауда орталықтарын еркін иелену мүмкіндігі үшін өзара қақтығыстардың күшеюіне алып келді. Шиеленістің жаңа толқыны біртіндеп үлкейіп, ол XVIII ғасырдың бірінші ширегінде Қазақстанның, Жоңғарияның, Еділ бойының, Орал маңының, Батыс Сібір мен Орта Азияның барлық этномәдени кеңістігін қамтыды. Енді осыған кеңірек тоқталайық.
XVIII ғасырдың басында Ургадағы жоғары биліктің ауысуы қазақ даласына жоңғарлар тарапынан соғыс қаупін төндірді. Қалдан-Бошоқты қонтайшының билігі кезіндегі (1670-1697 ж.) қақтығыстар келіссөздермен ауысып отырды. Бұл жорықтар Қалдан-Бошоқтының мұрагері Цеван-Рабдан қонтайшының (1697-1727 ж.) тұсында қайта жалғасты1. Қытайдың манчжур әулетімен ыңғайлы саясат ұстануының арқасында жас билеуші ашық кикілжіңге келмей, өз күшін Жоңғарияның солтүстік-батысындағы көшпенді және жартылай көшпенді халықтарға қарсы жинады. Жоңғар шапқыншылықтары бірінен соң бірі жалғасты (1711, 1715, 1717, 1718, 1719 жылдары). Ру-тайпалық және феодалдық талас-тартыстар жүріп жатқан Қазақ хандығына жылдан-жылға күшейіп келе жатқан көрші елдердің басып алу қаупі төнді. Жоңғарлардың Қазақ хандығына ірі шапқыншылығы 1710 жылы басталды. Ұйымдасып, тойтарыс беруді шешу мақсатында Тәуке хан 1710 жылдың күзінде Қарақұмда қазақтың үш жүзінің басын қосып, құрылтай өткізді. Құрылтайдағы басты мәселе жоңғарларға қарсы біртұтас жасақ құру болды. Батырлар рулар мен жүздерден құрылған жасақты біріктіруді жақтады, оның ішінде Бөгенбай батыр ерекшеленіп, ол қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланды. Барлық қазақ жүздерінің бірігуі айтарлықтай нәтиже берді. Қазақ жасақтары жоңғарларға қарсы шабуылға шығып, оларды шығысқа ығыстырып, жерлерін қайтарып алды. Бірақ қазақ жүздерінің арасында алауыздық басталды. Бұл іс-әрекеттердің бытыраңқылығына
1
Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи в ХVII-ХVIII в. – Алма-Ата, 1991. – 240 с.