Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.айтқанда, Ауған соғысы саясат биігінде отырғандардың шешімімен басталды. Мұндай халықаралық саяси шешімді қабылдаған КСРО жетекшілері Ауған соғысының аяғына дейін өмір сүрмеді. Олар Ауғанстанға әскер енгізу мәселесінің қалай шешілгені туралы құпияларды өздерімен бірге ала кетті. Бұл соғыс КСРО-ның халықаралық позициясын әлсіретіп, әлемдік аренада оның беделін төмендетті. КСРО-ға бұл соғысты 1989 жылы тастап шығуға тура келді. Осылайша, өткен ғасырдың еншісінде қалған Ауған соғысы тарихта қалды.
Бақылау сұрақтары:
1. 1979-1989 жылдары Ауған соғысының саяси қателігін анықтаңыз.
2. Ауған соғысының Қазақстанға әкелген шығыны мен зардабы.
§ 4. КСРОның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы
КСРО-дағы қайта құру үрдісінің тығырыққа тіреле бастауы, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар және т.б. түрлі себептер социалистік жүйенің ұзаққа бара алмайтындығын аңғартты. Батыс елдерінің кейбір саясаттанушылары мен білгірлері де КСРО-ның көп ұзамай күйрейтіндігі туралы болжамдар айта бастады. Олардың бұл сәуегейліктері көп күттірмей расқа айналды.
КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасы технологиялық жағынан артта қалды, тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсуі төмендеді. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар арасындағы 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жетті. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан зор зардапқа ұшыратты.
Бұрынғы кеңестік экономикалық құрылым тым күйкі тартып, негізінен, шикізат өндірушілік пен әскери-өнеркәсіп кешеніне қызмет етуге бағытталды. Кеңестер Одағында әскери-өнеркәсіп кешеніне тоғыз министрлік қызмет етті. Олардың қажеттілігі кедергісіз қанағаттандырылды. Бұлар ұлттық жалпы өнімнің едәуір бөлігін шығарды. Ол статистикалық есепте халық шаруашылығы өніміне қосылғанымен, шын мәнінде, халық шаруашылығы мойнына асылған масылдық еді.
Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркәсіп өндірісінің көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе халық тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады. КСРО экономикасы терең дағдарысқа ұшырады. 1991 ж. өндірістің төмендеуі 11 %-ға, бюджет тапшылығы 20-30 %-ға, ал сыртқы қарыз 103,9 млрд долларға жетті. КСРО-дағы экономиканы қайта құру саясатының сәтсіздігі, елдің тоқырауы күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды, бүкіл елде реформаларды жүргізу қажеттілігі туындады35.
КСРО экономикасының артта қалуы Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазақстан Одақ құрамында ірі индустриялық-аграрлы республика болды. Қазақстан жалпы қоғамдық өнім шығаруда РКФСР мен Украинадан соңғы үшінші, өнеркәсіп өнімін өндіруде Белоруссиядан кейінгі төртінші орынға
35
Садықова Р. ТМД елдерінің тарихы. – Алматы, 2011. – 9-б.