Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том. Тәттігүл Картаева
Читать онлайн книгу.«Түркістан альбомындағы» фотоқұжаттар – қазіргі кезеңдегі қазақ этнографиясы мен археологиясына деген сұранысты белгілі бір талапта қағаттандыра алатын құндылықтар. Осы тұрғыдан алғанда ХІХ ғасырдағы өлке тарихына қатысты соны зерттеулерде визуалдық фотоқұжаттардың деректік мәлімет ретінде маңызы ерекше құнды. Аталмыш альбомға шығыстанушы Александр Людвигович Кунның (1840–1888 жж.) Сыр өңірінен түсірген фотолары енген. Қазақтардың этномәдени болмысы жөнінде жан-жақты танымдық, ғылыми мәлімет беретін альбомның құндылығы мен маңыздылығы уақыт өткен сайын арта түсуде [357]. «Түркістан альбомы» РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінде (Кунскамера) сақталған. Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясына айғақ болатын фотоқұжаттардың негізгі денін статистар мен топографтар түсіріп, ғылыми айналымға ендірген [6, І, 158-160; 6 , ІІ, 304-, 310-, 358; 262; 227].
Этнограф ғалымдар үшін тарихи дәуірлерден келіп жеткен заттай деректер, жазба деректер, визуалдық деректер, наротивтік құжаттар зерттеу нысанасындағы халықтың тіршілігіндегі байырғы дүниетанымның іздерін, олардың біз зерттеп отырған кезеңдегі сақталу, синтезделу жолдарын ғылыми талдауға негіз болады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған деректер Сырдария өзенінің төменгі ағысында қоныстанған қазақтардың этнографиясының ерекшелігін ғылыми-теориялық және методологиялық саралауға негіз болады.
2. СЫР ӨҢІРІНІҢ ЭТНОГЕОГРАФИЯСЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ ДЕМОГРАФИЯСЫ
2.1. Перовск және Қазалы уездерінің әкімшілік бөлінісі және этногеографиясы
Қазақ халқының әр аймақтағы ерекшеліктерін саралауда мәселенің мән-жайын ашуда алдымен сол өңірдің шекарасын, аймақтық бөлінісін, әкімшілік бөлінісін нақтылап алудың маңызы зор.
Қазақ даласында жүргізген Патша үкіметінің жоспарлы отарлау саясаты нәтижесінде 1845-1853 жылдар аралығында Сырдария әскери бекіністері қалыптасып, нәтижесінде 1853 жылы Перовск форты, № 1 форт – Қазалыда, № 2 форт Қармақшыда, № 3 форт – Қуаңдария бойында құрылды. 1852 жылы Ақмешітке бағытталған рекогносцировка сәтсіз аяқталғаннан кейін Перовск басшылығымен 2850 адамнан құралған отряд Ақмешіт бекінісіне аттанып, үш аптаға созылған қоршаудан соң 1853 жылы 23 шілдеде бекініс алынды. № 2 форт Қармақшы, № 3 форт Қуаңдарияны қосып, бұл аймақ Сырдария линиясы атанды. Перовск форты әкімшілік жағынан 1864 жылдың 27 шілдесіне дейін Сыртқы істер министрлігіне қараған, одан кейін 1865 жылы құрылған Түркістан облысы құрамында болып Орынбор-генерал губернаторлығына қарады. 1867 жылы Перовск форт ретінде ликвидацияланып, 1867 жылдың 11 шілдесінде уезд орталығы болды [226, 291; 314, 31-32].
1868 жылы құрылған Түркістан губернаторлығы құрамына Сырдария облысы және Жетісу облыстары еніп, орталығы Ташкент қаласы болды Кейін губернаторлыққа Каспий сырты облысы және Орта Азияның Ресейге жаңадан бағындырылған жерлері қосылды. Сырдария облысында ХІХ ғасырдың аяғында 818479 адам өмір сүрді. Сырдария облысы Әулиеата, Голодно-Степский (1922 жылдан Мырзашөл), Қазалы,