Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн книгу.жорықтар жасай отырып әлсіздендіру мүмкін еді. ХІV ғасырдың 20-жылдарындағы сондай жорықтар нәтижесінде литвалықтардың бастысқа жылжуы тоқтатылды.
Дәл сол саясатты моңғолдар Польшаға байланысты да қолданды. ХІV ғасырдың 20-жылдары Польшаға татар жорықтарының күшеюі батыста үлкен шиеленіс тудырды. Сондықтан да татар жорықтарынан уайымдаған Рим папасы 1329 жылы арнайы жолдау жолдады, ол барлық батысеуропалық билеушілерді татарларға қарсы крест жорықтарын ұйымдастыруға шақырды, жорыққа қатысушылардың барлығының күнәсі кешірілуін уәде етті. Алайда бұл крест жорықтары жүзеге аспады. Татарлар папаның үндеуіне қарсы 1337 жылы Люблин жерін қырды. Келесі жылы «өзбектің сансыз көп татарлары Польша және Венгрия жерлеріне еніп, оларды өте күшті деңгейде тонады».
Егер бұған Кавказда хулагидтермен бірге соғыстың сәтті жалғасуын және Орта Азияға Шағатай ұлысының иеліктерін жаулауға тақ мұрагері басшылығында көп санды әскер жіберілуін қоссақ Алтын Орданың сыртқы саясатының күшейгені анық көрінеді. Өзбек ханның көршілермен жеңісті соғыстары және мемлекет ішіндегі сәтті саясаты Алтын Ордаға бұрынғы күшін қайтарып, оны Еуропа мен Азияның күшті мемлекеттерінің біріне айналдырды.
Алтын Орданың нығаюы кезеңіндегі деректерде құрылтай шақырылулары туралы айтылмайды, енді олардың орнына хан кеңесі өткізіліп, оған хан туыстары және әскербасылар қатысты. Бұл мәселеге қатысты 1316 жылғы Өзбек хан әпкесінің Мысыр сұлтанына тұрмыс құруына байланысты кеңесті атауға болады. Бұл кеңеске неке шартын жасаушы хан туыстары мен 70 әмірлер және түменбасылар қатысты. Бірақ бұл жиналыс көбіне отбасылық кеңес түрінде еді. Басқа жағдайларда, мемлекеттік басқару мәселелеріне қатысты болғанда хан өзі тағайындаған ұлыс әмірлерінен тұрған «диван» кеңесі өтті. Бұдан бұрынғы хандар кезіне байланысты диван туралы айтылмағандығы Өзбек тұсында мемлекеттің орталықтандырылғанын көрсетеді. Араб жазушы әл-Омари (1343 жылы қайтыс болған) Өзбек және Жәнібек тұсындағы хан кеңесіне толық сипаттамалар қалдырды. Әл-Омари былай жазды: «Бұл сұлтанның билеушілері – төрт ұлыстық әмірлер, олардан ең жоғарғысы беклербек атанды, яғни аға әмір. Қандай да бір маңызды істі осы төрт сұлтан шешеді, егер олардың бірі болмаса да оның аты жарлыққа жазылады…».
«Істер уәзір арқылы шешіледі. Ал уәзір істерді оларсыз шешеді, наместниктерге бұйрықтар береді және жарлықтарға олардың атын жазады. Уәзір – нағыз сұлтан, қарсы бөлімін жеке басқарады, бөледі, тіпті ең маңызды істерде де беклербек сияқты әскери істерді де басқарады». Кеңеске кірген осы төрт әмірдің ішінен екі мүшесінің – беклербек және уәзір қызметтері барынша анықталған. Беклербек (әмірлердің әмірі) әскери істерді басқарды, түмендіктер, мыңдықтар, жүздік пен ондықтарды басқарды, екінші уәзір мемлекеттің азаматтық істерімен айналысты. Алтын Орда ең алдымен әскери-феодалдық мемлекет болғандықтан әскери құрылым басшысы беклербекке азаматтыққа қарағанда құрмет берілді. Сондықтан әл-Омари беклербекті кеңестегі